АЛҒАШҚЫ ӘСКЕРИ ДАЙЫНДЫҚ 10 СЫНЫП: Қарулы күштер– Қазақстан Республикасының тəуелсіздігін қорғауда.

18 сентябрь 2016, Воскресенье
4 072
0

Сабақтың тақырыбы: Қарулы күштер– Қазақстан Республикасының тəуелсіздігін қорғауда.

Мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі Қазақстан Республикасы Қарулы  Күштері,  Қазақстан  Республикасы  Қарулы  Күштері– отансүйгіштік жəне  көпұлттылық  мектебі,  əскери  анттың  əскери  қызметкерлерге  қоятын талабы,  Қазақстан  Республикасы  Қарулы  Күштерінің  рəміздері,  əскери бөлімнің туы.

Мақсаты:

Білімділік:Мемлектіміздің қамтамасыз етудегі Қазақстан Республикасының Қарулы  Күштері– отансүйгіштік жəне  көпұлттылық  мектебі жайлы Қазақстан  Республикасы  Қарулы  Күштерінің  рəміздері,  əскери бөлімнің туы жайлы терең мағлұматтар беру, үйрету.

Дамытушылық: ой-өрісін, ойлау қабілетерін, қоғаммен жұмыс жасауға дағдыландыру.

Тәрбиелілік:Қазақстан  Республикасы  Қарулы  Күштерінің  рəміздерін құрметтеуге және еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу.

 

Көрнекілік құралдар: АӘД оқулығы, «Әскери міндеттілік және әскери қызмет туралы» ҚР Заңы.

Сабақтың барысы:

       а) Ұйымдастыру кезеңі – 3 мин.

Взвод командирі оқушыларды сапқа тұрғызады, оқытушыға рапорт береді, амандасу, түгендеу, оқушылардың сырт көрінісін тексеру.

     б) Негізгі бөлім – 25мин.

 

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде

қызмет ету – патриотизм мен интернационализм мектебі.

    Патриотизм – азаматтардың, әсіресе жастардың өз Отанын қалтқысыз сүюі мен оны қорғауға әрқашанда дайын болуы, туған жерге деген терең перзенттік махаббат. Шынайы патриотизмді қалыптастыру – жеке тұлғаның нық саяси тұрғыда өзін - өзі нақты айқындау деген сөз. Оны мемлекет туына, елтаңбасына, әнұранына құрметпен қарауға, заңға бағынуға, үкіметті сыйлауға тәрбиелеуден бастау керек. Әрбір адам бала жасынан: «Қазақстан – менің Отаным, ол мен үшін жауапты болғаны сияқты, мен де ол үшін жауаптымын» деген қарапайым ойды меңгеруі керек.

    Патриотизмнің адамгершілік сипаты – керек уақытта адамның өзіне «керек» деп бұйрық беріп, ауыр сын сәтінде «істей алмаймын» дегенді жеңе білуі.

    Қазір патриот болу дегеніміз – республиканың экономикалық, қорғаныстық әлеуетін нығайту, оны кез келген сыртқы қастандықтан қорғауға дайын болу, әскери міндетке жауапкершілікпен қарау деген сөз.

    Патриотизм сезімі мен Отанның жауларына деген жек көрушілік – қасиетті, жалынды, өшпейтін сезім. Қазіргі жауынгер үшін патриот болу дегеніміз - өзінің білімі мен мүмкіндігін, бар күшін ҚР ҚК-нің жауынгерлік қуатын нығайтуға жұмсау мен қашан да оны қорғауға дайын болу.

    Жауынгердің патриотизмі, сонымен қатар оның өз бөліміне деген сүіспеншілігінен, бөлімінің жауынгерлік туына адалдығынан, оларды ұрыста табандылықпен қорғауға дайындығынан, халықтың, жауынгерлік дәстүрлеріне адалдығынан, өздерінің күнделікті еңбегі мен даңқты ерліктері арқылы біздің қаруымыздың жауынгерлік даңқын арттырудан көрінеді.

    Әрбір жауынгердің патриоттық және интернационалдық міндеті, елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесі – бөлімшелерді жауынгерлік дайындықта, жоғары деңгейде ұстау, жауынгерлік шеберлігін жетілдіру, тәртіп пен реттілікті нығайту болып табылады.

    Тек қана нағыз патриот пен интернационалист қана бейбіт уақыттағы төтенше жағдайлар мен ұрыс жағдайында әскери борышын табандылықпен, ержүректілікпен орындауға қабілетті.

    Кейде кейбір жауынгерлердің, әдейі, немесе еріксіз интернационализмге жат идеяларды насихаттайтын жағдайлар да кездесіп жатады. Ол әскери қызметшілер арасында жарғыға жат қарым – қатынастар туғызады. Адамның дене немесе моральдық жағынан кемсітілуінің өзі адамгершілікке жат, ал егер ол ұлттық сезімді қозғаса, оның қиратушы күші бірнеше өседі. Сондықтан ұлттық артықшылыққа байланысты талаптарға кез келген ұжымда жол берілмеуі және әшекерленуі тиіс.

     Патриотизмге және интернационализмге тәрбиелеудің негізгі формалары мен әдістері мыналар болып саналады:

-                жауынгерлерді идеялық сеніммен, тәрбие жұмыстарымен саяси саналыққа тәрбиелеу;

-                қоғамдық – гуманитарлық жүйесі жеке құрамның жауынгерлік оқуын іске асыру;

-                жауынгерлерді патритизм мен интернационализм идеяларымен қаруландыру;

-                республика аумағында, ТМД мемлекеттерінде тұратын барлық халықтардың достығын насихаттау;

-                азаматтар мен жауынгерлерді республиканың Қарулы Күштері, халықтың еңбек және жауынгерлік дәстүрлері арқылы тәрбиелеу;

-                жеке қасиеттерін жетілдіру, өзін қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу;

-                әскери мәселеге, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты республикада қабылданған заң ережелері мен талаптарын білу;

    Сөйтіп әскери патриоттық тәрбие дегеніміз:

-                адамдардың Отанға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеу;

-                өзінің азаматтық парызын терең түсінуді дайындау;

-                халықтың жауынгерлік дәстүрі мен оның қарулы күштеріне деген адалдық;

-                әскери және әскери – техникалық білім мен дағдыларды меңгеру;

   Әскери – патриоттық тәрбие халықтың жасына, кәсібіне және де басқа ерекшеліктеріне қарай әр түрлі деңгейде жүргізіледі

 

ҚАЗАҚСТАН   РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ   МЕМЛЕКЕТТІК  НЫШАНДАРЫ.   ҚАЗАҚСТАН   РЕСПУБЛИКАСЫ   ҚАРУЛЫ   КҮШТЕРІНІҢ   НЫШАНДАРЫ   ЖӘНЕ  ӘСКЕРИ  БӨЛІМНІҢ      ТУЫ.

   ҚР Президентінің 1996 жылғы 24 қаңтарында Конституциялық заң күші бар Жарлығымен  мемлекеттік рәміздер – Елтаңбаның, Жалаудың сипаттамалары мен оларды ресми пайдаланудың рет жөні бекітілді. ҚР Мемлекеттік Туы көгілдір түсті матаның ортасында алтын күн бейнесі мен ұшып келе жатқан дала қыраны - бүркіт және сабының бойына салынған ұлттық ою - өрнектер нақышталған тік жолақтан тұрады. ҚР Мемлекеттік Туының авторы - Шәкен Ниязбеков.    Зеңгір көк аспан барлық халық үшін әрқашан бейбітшілік пен тыныштықтың белгісі болған.    Елтаңба тану ғылымы геральдика тілінде, көк түс – адалдықтың, кіршіксіз тазалық пен бейкүнә пәктіктің нышаны.    Ұлы даланың билейушілері Әмір Темір, Шыңғысхан өздерін тәңірден жаратылған  Көк Аспанның ұлдары деп есептесе, Қытай императорларында «Аспан Ұлы» деген дәреже болған.    Қазақстан аймағында көне заманнан бері Тәңірге – Көк Аспанға сену, оған табыну дәстүрі кеңінен тараған.

    Көк түстің мәдени семантикалық тарихына үңіле отырып айтарымыз: Мемлекеттік Тудағы  көк түс Қазақстан халқының өз мемлекетін құру жолындағы ниетінің тазалығын және маңыздылығын білдіреді.

    Өрнек – көркем бейнеленген әшекейлі кесте. Ерте кезде халық ою - өрнектің бойынан адамды зұлымдықтан желеп – жебеп, қорғайтын керемет күш көрген. Сондықтан да ою - өрнекке деген көзқарас ерекше болған.

    Еліміздің Мемлекеттік Туын көркемдеу үшін арнайы жасалған өрнек қазақтың декоративті өнерінің нақыштарымен үйлесім тапқан.

    Күннің нұр шұғылалы алтын бейнесі – байлық пен берекенің, тыныштықтың нышаны.

    Сары түс – қымбат металдың, алтынның түсі.

    Жер шарының барлық халқы Күнге табынған.

    Күн – мәңгілік қозғалыстың, даму процесінің, үнемі өсу мен өшудің, өмір мен өлімнің, батыс пен шығыстың нышаны.

    Күн – уақыт өлшемі.

    Ежелгі көк тәңірі Аспан мен Күнге жақындап, шарықтай  ұшатын қыран бүркіт аса қасиетті де құдіретті.

    Қанатты қыран кең дала биігінде жеке дара ұшады. Осыдан барып, бүркіт денесіне айбындылық, еркіндік, тәуелсіздік, бостандық, тәкаппарлық, биік ой – мақсат, маңғаздық, қырағылық тән.

    Кең даланың көгілдір аспанында шарықтап ұшқан бүркіт дала халқының барлық халықтар мен ұлттарға құшағын жая ұмтылатын кеңдігін, көп ұлтты егеменді мемлекетіміздің бостандық сүйгіш рухани ерекшелігін бейнелейді.

    Елтаңба «таңба» деген сөзден шыққан. Мемлекеттік Елтаңбаның авторлары – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов.

    ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының ең басты жүгін көтеріп, оған негіз болып тұрған – шаңырақ. Ол - елтаңбаның жүрегі.

    Шаңырақ: «Отан - от басынан басталады» деген киелі ұғымға ие. Шаңырақ бейнесі – бүкіл қазақ елі үшін тіршіліктің, шексіз өмірдің нышаны.

    Шаңырақ – кйіз үйдің күмбезі, күн бейнесін, ал уықтары одан тарап жатқан алтын сәулелерді елестетеді.

    Елтаңбаның композициялық құрылымының негізгі бөлігі жарты ай бітімдес мүйіздірі бар, қиял – ғажайып тұлпарлар. Олардың қанаттары бидай масақтары түрінде. Ат –елін қорғаған ердің қанаты. Әсем де айшықты мүйіздер жеті буыннан не бөліктен құрылған. Ол қазақ жеті атасын білу керек дегенді меңзейді.

    Елтаңбаның маңдайшасына бес бұрышты жұлдыз салынған. Әр адамның өміріне бағдар беретін өз жұлдызы болады. Осындай жұлдыз мемлекетке де қажет. Біз де өз мемлекетіміздің жұлдызы жарық әрі биік болып, әрбір қазақстандық азамат сол жұлдыздың салған жолына сеніп, қиын уақытта оны бағдарға алып әрқашан жаңа жолға, болашаққа жетелейтініне сенім артуымыз қажет.       

     ҚР Президентінің 2006 жылғы 7 қаңтарында Конституциялық заң күші бар Жарлығымен  мемлекеттік рәміз –  Әнұранның мәтіні мен оны ресми пайдаланудың рет жөні бекітілді.

    Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

    Музыкасын жазған Шәмші Қалдаяқов.

    Әнұранның әуенінен Отанға деген сүйіспеншілік, Атамекенге деген шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен жан – дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан. Мемлекеттер басшыларының ресми кездесулері Әнұранның орындалуымен ашылады.

    ҚР ҚК-нің   әскери  нышандары  ҚР  Президентінің   1996  жылғы 18 шілдедегі  №3068 Жарлығымен бекітілген.

    ҚР ҚК-нің   әскери  нышандары мыналар: ҚР ҚК түрлерінің жалаулары, ҚР ҚК-нің әскери бөлімдерінің Жауынгерлік тулары

    ҚР-ның азаматтары, сондай – ақ ҚР аумағында тұрып жатқан адамдар ҚР ҚК-нің жалауларын, әскери бөлімдерінің Жауынгерлік туларын және ҚР ҚК-нің нышанын құрметтеуге міндетті.

    ҚР-ның жауынгерлері, сондай – ақ әскери жиындарға шақырылған азаматтар ҚР ҚК-нің жалауларын, әскери бөлімдерінің Жауынгерлік туларын және ҚР ҚК-нің нышанын құрметтеуге, ұрыста жауынгерлік туларды жанқиярлықпен және ерлікпен қорғауға, қарсыластың оларды тартып алуына жол бермеуге міндетті.

    ҚР ҚК-нің жалауларын, әскери бөлімдерінің Жауынгерлік тулары мен ҚР ҚК-нің нышанын қорлаған тұлғалар ҚР заңдарына сәйкес жазаланады.

    ҚР ҚК  нышанының ортасында күн және бес жұлдыз астында шарықтаған бүркіт бейнесі салынған.

    ҚР ҚК-нің нышаны екі түсті: қызыл қоңыр және алтын түсті, ол ҚР қорғаныс министрлігінің ғимаратында сақталады.

    ҚР ҚК нышанының бейнесі: ҚР Қорғаныс министрлігінің ғимаратында, ҚР ҚК түрлерінің штабтарында, ҚР ҚК –нің құрамалары, бөлімдері, бірлестіктері, әскери оқу орындары мен мекемелерінде; ҚР Қорғаныс министрі кабинетінде; ҚР Қорғаныс министрлігі алқасының мәжіліс залдарында және ҚР ҚК түрлерінің әскери кеңестерінде, офицерлер үйлері мен жауынгерлер клубтарының мәжіліс залдарында орнатылады.

    Әскери бөлімнің туы – оның ҚР ҚК –не жататындығын көрсететін ерекше құрметті белгі.

 Әскери бөлімнің тудың өлшемі: ұзындығы 145 см, ені 115 см.

    Матаның жоғарғы шетінде «ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ», төменгі шетінде «ОТАН ҮШІН» деген жазу тігілген.    Матаның сыртқы жағында жоғарғы шетінде «МІНДЕТ, АБЫРОЙ, ЕРЛІК» орталығында күн мен сәулелері және қалықтаған бүркіт бейнеленген қызыл-күрең түсті жібектен бес бұрышты жұлдыз. Жұлдыздың астында әскер бөлімінің нөмірі мен аталымы тігілген.

     Жауынгерлік ту әрқашан өз бөлімімен бірге жүреді.      Әскери бөлімнің бүкіл жеке құрамы ұрыста өздерінің Жауынгерлік туын жан аямай қорғауға міндетті, оны қарсыластың тартып алуына жол бермеу керек.Жауынгерлік туды жоғалтқан жағдайда – мұндай абыройсыздыққа тікелей жауапты әскери бөлім командирі мен  әскери қызметшілер сотқа тартылып, әскери бөлім таратылады.

 

Қорытынды бөлім – 10минут.

          Сұрақтар мен тапсырмалар:

-           патриотизм дегеніміз не?

-           жауынгерлердің интернационалистік қасиетін қалыптастырудағы патриотизмнің рөлі қандай?

-           жауынгерлерді патриотизм мен интернационализм рухында тәрбиелеудің жолдары қандай?

-           ҚР ҚК-нің әскери нышандары туралы айт. Олар неге арналған?

-           Әскери бөлімнің Жауынгерлік туы дегеніміз не? Әскери ұжым үшін оның маңызы қандай? Ол туралы түсінігіңді айтып бер.

Комментарии:
Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Сабақ жоспарлары барлық пәннен ҚМЖ, ОМЖ, ҰМЖ | Планы КСП ССП ДСП
Электронная почта: e-jospar@mail.ru Ватсап: 8(707) 403-01-01 © 2018